Күйзеліс деген не және оның негізгі белгілері қандай?
Бізді қоршаған адамдардың әрбірі, оның ішінде өзіміз де күн сайын күйзеліске тап боламыз. Оның себебі біздің өмір сүру қарқынымыз, техникалық прогресс және айналамызда ақпараттың шамадан тыс көптігі. Бірақ, күйзеліс деген не? Оны қарапайым шаршаудан қалай ажыратуға болады?
Күйзеліс деген не?
Күйзеліс ағзаның әр түрлі сыртқы жағдайларға өзіне тән емес реакцияларының жиынтығы деп саналады. Канадалық эндокринолог және Нобель сыйлығының номинанты Ганс Гуго Бруно Селье 1936 жылы осындай анықтама берген. Ол күйзелістің өзі қауіпті емес, тіпті сыртқы факторларға бейімделу үшін ағзаға қажет деп есептеген.
Күйзеліс пайда болған кезде әрқайсымыздың ағзамызда адреналин белсенді түрде бөліне бастайды. Ол – ойыңды жинақтап, болған жағдайдан шығу жолын тезірек табуға көмектесетін гормон. Бірақ өмірде күйзелетін жағдайлар көп болса, адам ағзасы күшінен айрылады, әлсірейді, ал, бұл сан түрлі дертке әкеп соғады.
Күйзелістің белгілері қандай?
Мамандар күйзеліс белгілерінің 4 тобын баса айтады. Әдетте күйзелістің белгілері бәрі бірден шықпайды, аралас шығады. Сонымен
1. Физиологиялық белгілер:
- Артериялық қысымның мәліметінде өзіне тән емес өзгерістердің болуы: не көтерілуі, не төмендеуі;
- Бас айналу;
- Бастың жиі ауыруы, арқаның, іштің ауыруы;
- Жүрек соғысының жиілеуі;
- Үнемі ыстықтау немесе тоңу, тершеңдік;
- Аллергиялық бөртпелердің шығуы;
- Қол-аяқтың қалтырауы, себепсіз селк ету;
- Бұлшықеттің гипертонусы, ол бұлшықеттің ауыруына алып келеді;
- Асқазан-ішек жолы жұмысындағы ақаулар;
- Шамадан тыс тәбет немесе тәбеттің болмауы, бұл салмақтың өзгеруіне әкеп соғады;
- Ұйқының бұзылуы, ұйқысыздық;
- Сексуалды белсенділікпен қиындық.
2. Эмоционалды симптомдар:
- Шамадан тыс ашушаңдық;
- Жүйкенің жұқаруы;
- Үнемі алаңдаушылық, себепсіз уайым мен қорқыныш;
- Ашуыңды басқара алмау;
- Ешқандай себепсіз өзіңді кінәлі сезіну;
- Өзіңді жалғыз сезіну;
- Өз-өзіңе, іс-әрекетіңе, жетістіктеріңе көңілің толмауы;
- Үрей шабуылы;
- Жабығу.
3. Жүріс-тұрыс белгілері:
- Ұрысқа дайын тұру;
- Демалыс пен жеке өмірдің жоқтығы, асқан еңбекқорлық;
- Жұмыста көп қателесу, бұрын-сонды ондай болмаған болса;
- Уақыт үнемі жетпейтіндей әбігерленіп жүру;
- Өзің үшін жауапкершілікті өзгеге аудара салу;
- Жаман әдеттер ушығып кетеді (темекі шегу, алкоголь және энергетик ішу, ойынқұмарлық және т.б.).
4. Интеллектуалды белгілер:
- Есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ұмытшақтық;
- Ойыңды жинақтай алмау;
- Бір ой мазалай береді;
- Өз бетіңмен шешім қабылдауда қиындық.
Жоғарыда аталған белгілердің кейбірін өз бойыңыздан байқадыңыз ба? Міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Күйзелістің дамуын бастапқы кезеңінде тоқтату әлдеқайда оңай. Созылмалы күйзеліс ауыр дерттерге әкеп соғуы әбден мүмкін.