Ұзақ уақытқа созылған күйзеліс халі: ол несімен қауіпті және ұзаққа созылған күйзеліспен неліктен күресу керек?
Біздің қазіргі өміріміз түгелдей күйзелістен тұрады. Тіпті бәрі жақсы болған жағдайдың өзінде алаңдап, уайымдайтын нәрсені өзіміз тауып аламыз, солай ғой? Бірақ, ұзаққа созылған күйзеліс несімен қауіпті және не себепті онымен күресу жолдарын іздеу керек?
Күйзеліс не үшін керек?
Күйзеліс жағдайында адам ағзасы төнген қауіпке дайындалып қатайғандай болады. Жүйке жасушалары мен эндокриндік жүйенің белсенді жұмыс істегенінің нәтижесінде біздің жүріс-тұрысымыз бен сезімдерімізге әсер ететін күрделі процестер іске қосылады. Осылайша, үрей немесе аштық пайда болады, ойлау жылдамдығы мен физикалық реакция жоғарылайды. Бұл жақсы. Өйткені, адам осылай болған жағдайға бейімделеді және ағзасын да соған бейімдей алады. Мұның пайдасы да бар.
Күйзеліс аяқталғаннан кейін ағзада күйзеліс гормондарының бірі кортизолдың мөлшері азаяды. Бұл процесс жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын реттейді (тамыр соғысы бәсеңдейді және артериялық қысым төмендейді), ағзаның жалпы жағдайы жақсарады, босаңсиды.
Ұзақ мерзімді күйзеліс несімен қауіпті және онымен не үшін күресу керек?
Ағза ұзақ уақыт бойы күйзелісте болған кезде бұрынғы бірқалыпты қалпына орала алмайды, «қауіпке дайындықта» тұрған мүшелері мен жүйелерінің жұмысын ретке келтіре алмайды. Соның нәтижесінде ұдайы шаршау, ұйқы қанбау, күйгелектік пен күйзелістің басқа да белгілерінен бөлек, төмендегідей негативті физикалық белгілері пайда болады:
- Гипертония;
- Артериялық гипертензия;
- Жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысында ауытқулар;
- Эндокриндік жүйенің жұмысында ақау;
- Иммунитеттің төмендеуі, ол әртүрлі инфекцияларға төзімділікті азайтады;
- Созылмалы ұйқысыздық;
- Үнемі бастың ауыруы;
- Асқазан-ішек жолының жұмысында қиындықтар;
- Терінің бөртуі;
- Қант диабеті;
- Депрессия;
- Онкологиялық аурулар.
Көріп тұрғандарыңыздай, ұзаққа созылған күйзеліс жағдайынан туындайтын дерттердің тізімі айтарлықтай үлкен. Дәл сол себепті, алғашқы белгілерді дер кезінде байқап, күйзеліспен күресті бастау керек.
Айтпақшы, бүкіл өмірін күйзеліс пен оның адам ағзасына әсерін зерттеп келген әйгілі эндокринолог Ганс Селье айтқан:
«Күйзеліс — бұл басыңызға түскен жағдай емес, оны қалай қабылдауыңыз. Күйзелістен қорқудың керегі жоқ. Ол тек өлген адамдарда ғана болмайды. Күйзелісті басқара білу керек. Басқарылатын күйзелісте өмірдің мәні мен дәмі болады».
Ұзаққа созылған күйзелістің салдарын қалай азайтуға болады?
Ұзаққа созылған күйзелістің салдары ауыр болмас үшін өміріңді кешенді түрде ретке келтіру керек. Ең алдымен мамандардың 5 негізгі ақыл-кеңесін ұстану керек:
- Күн сайын міндетті түрде физикалық белсенділік болуы керек: таза ауада тұрақты түрде серуендеу, бұлшықетке арналған жаттығуларды жасау, кардиожүктеме.
- Дұрыс ұйымдастырылған демалыс, ұйқыны да қолға алу.
- Дәрумендер, микроэлементтер және Омега-3 майлардан тұратын күніне 5 рет теңдестірілген тағам.
- Негативті эмоция тудыратын адамдармен араласуды барынша азайту және күйгелектікке әкеп соғатын жағдайлардан мейлінше аулақ болу.
- Маманның кеңесінен тұратын терапия және дәрілік шөптерден тұратын тыныштандырушы дәрі-дәрмектерді ішу.
Осының бәрі ұзаққа созылған күйзелістің ағзаға кері әсерін азайтуға, оның қарсыласу қабілетін және күйзеліске төзімділігін арттыруға көмектеседі.